Жасанды интеллект қолданылатын телерадиология жобасы

Жасанды интеллект қолданылатын телерадиология жобасы
Жасанды интеллект қолданылатын телерадиология жобасы
2025 жылғы 17 ақпаннан бастап Жамбыл облысында телерадиология мен жасанды интеллект элементтерін қамтыған медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр. Инициатива денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» ЖШС бірлесіп іске асырып отырған бұл жоба ТМД елдерінде баламасы жоқ бастама саналады.
Жоба аясында облыстағы барлық
радиологиялық зерттеулер орталықтандырылып, 22 медициналық ұйым (қосымша корпустарды қоса алғанда, барлығы 33 нысан) бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктірілді.
Басты мақсат — ауруларды бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ерте анықтау, диагностика дәлдігін арттыру және бюджет шығындарын азайту. Жоба 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспарына енгізілген және телемедицина негізінде жүзеге асырылуда.
PACS жүйесі рентгенологиялық зерттеулерге негізделіп, жасанды интеллектпен күшейтілген. Ол қауіп тобына жататын пациенттерді іріктеп, қосымша тексеруге нақты қажет адамдарды ғана бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл — медициналық мекемелердің ресурсын тиімді пайдалануға жол ашады.
Барлық рентгенологиялық зерттеулер күнделікті Тараз қаласындағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ деректер орталығында орналасқан негізгі және резервтік серверлерде сақталып, өңделеді.
Жобаға облыстық онкология және хирургия орталығы, фтизиопульмонология орталығы, көпбейінді ауруханалар мен балалар ауруханасы, инфекциялық аурухана, облыстық және қалалық перинаталдық орталықтар, №5 және №7 қалалық емханалар, сондай-ақ Шу, Меркі, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Талас аудандарының орталық ауруханалары енді.
Жобаны жүзеге асыру барысында барлық мекемелерде аналогтық рентген аппараттары цифрландырылып, жергілікті желілер жаңартылды, қорғалған VPN-арналар орнатылып, сенімді серверлік жабдықтар мен бағдарламалық қамту енгізілді. Жүйе радиологиялық ақпараттық платформаны, PACS архивін, сондай-ақ үш ІІ-модульді қамтиды: сүт безі обырын (x-Eye Mammo), өкпе обырын (x-Eye Toraks) және пневмонияны (X-EYE RIBOUT PNEUMONIA) анықтауға арналған.
Рентгенолог-дәрігерлер жоғары деңгейлі кәсіби медициналық мониторлармен қамтамасыз етілді. КТ зерттеулері үшін бірнеше суретті бір уақытта көрсетуге мүмкіндік беретін түрлі-түсті дисплейлер, ал маммография үшін — жоғары ажыратымдылығы бар, бейнені жақсарту функциясымен жабдықталған арнайы мониторлар қолданылады.
Жасанды интеллектті интеграциялау сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Егер дәрігер жаңа түзілістерді 5 мм-ден бастап байқаса, ІІ оларды 1 мм көлемінен-ақ анықтай алады. Бұл — дертті дер кезінде анықтап, емдеуді тиімді жүргізудің мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.