Жамбыл облысында дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілді
Жамбыл облысында дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын арттыруға және олардың қозғалысын бақылауға бағытталған дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл бастама аясында өңірдегі барлық медицина ұйымдары Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне (ИС МПТ), Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйеге (ЕФИС) қосылған. Сондай-ақ, қажетті цифрлық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда бұл жүйеге облыстағы 105 медициналық ұйым тартылған. Оның ішінде басқармаға қарасты 37 мемлекеттік мекеме, 15 жеке меншік бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы, сондай-ақ 53 жеке стационар мен стоматологиялық клиника бар. Барлық мекемелер қажетті 2D-сканерлермен өз қаражаты есебінен жабдықталып, ИСМЕТ жүйесіне және таңбалау бойынша электрондық құжат айналымы орталығының платформасына тіркелген. Сонымен қатар, барлық қатысушылар тиісті сынақтан сәтті өткен.
2025 жылғы 15 шілдедегі дерекке сәйкес, облыс аумағына 3,8 миллионнан астам таңбаланған дәрілік зат жеткізілген. Оның 3,8 миллионы қабылданса, 2,7 миллионға жуық дәрілік зат науқастарға таратылған. Бұл – жалпы көлемнің 70,3 пайызын құрайды.
Аталған жоба дәрі-дәрмектің жеткізушіден емделушіге дейінгі қозғалысын нақты бақылауға мүмкіндік беріп, жалған препараттар айналымын болдырмауға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі ашықтықты қамтамасыз етуге жол ашады.