Жамбыл облысында «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылуда
Жамбыл облысында тұрғындарға тегін дәрілік көмекті цифрлық форматта алуға мүмкіндік беретін «Әлеуметтік әмиян» жобасы сәтті жүзеге асуда. Бұл жоба облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес іске қосылған.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап емделушілерге амбулаториялық деңгейде тегін берілетін дәрілік заттар қағаз түріндегі рецептісіз, электрондық форматта ұсынылады. Пациенттер дәріханаға барғанда eGov mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисінде көрсетілген QR-код арқылы рецептті растап, қажетті дәрісін ала алады. Бұл жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жанындағы дәріханаларда қолданылады.
Бүгінде Жамбыл облысында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін 32 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 30-ы – тұрғындар тіркелген емханалар, ал 2-еуі – мамандандырылған стационарлар: Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы және Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығы. Барлық емханалар қажетті техникамен — 2D-сканерлермен жабдықталған.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша диспансерлік есепте тұрған 308 391 пациент осы жоба аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде.
Ал 2025 жылғы 14 шілдедегі мәліметке сәйкес, барлығы 468 395 дәрілік препарат берілген. Соның ішінде 317 149 рецепт (яғни 67,7%) «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы электронды форматта рәсімделген.
Цифрлық шешімдер пациенттер үшін дәрі-дәрмекке қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, медицина ұйымдарындағы ашықтық пен тиімділікті де арттырып отыр.