Жуалы ауданында медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді
Жуалы ауданының орталық ауруханасына тіркелген тұрғындар саны мен олардың жас ерекшеліктеріне қатысты мәліметтерді ескере отырып, ауданның денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын бағалау үшін басқарма басшысы арнайы барып, барлық медициналық нысандарды көрді.
Ауданда тіркелген тұрғындар саны - 43 911 адамды құрайды. Олардың ішінде:
• 14 жасқа дейінгі балалар – 14 197 адам,
• Жасөспірімдер – 2 666 адам,
• Ересектер – 21 174 адам,
• 60 жастан асқан азаматтар – 5 853 адам.
Бұл көрсеткіштер ауданның әр түрлі жас топтарына бағытталған медициналық қызметтердің қажеттілігін анықтайды. Басқарма басшысы орталық аурухана, емхана, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 33 медициналық пункттің жағдайымен танысып, олардың жұмысын бағалады. Бұл мекемелер тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін қолданыста және пациенттерге қызмет көрсетуде. Басқарма басшысы әрбір бөлімшенің қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі, қызмет көрсету сапасының арттырылуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтер алды.
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру және жетілдіру бағытында арнайы тапсырма беріп, осы мәселелерді шешуді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевқа жүктеді. Бас дәрігерге медициналық қызмет көрсету сапасын көтеру, жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді енгізу, сондай-ақ тұрғындармен тығыз байланыс орнату арқылы медициналық көмек көрсету процестерін жетілдіру, жастар мен жасөспірімдер арасындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту міндеті қойылды. Батырбек Үсенбаевқа бұл тапсырма бойынша тиісті шараларды қабылдап, жұмыс нәтижелерін бақылауға алу тапсырылды.