Жамбыл облысында инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау бойынша облыстық семинар өтуде

Жамбыл облысында инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау бойынша облыстық семинар өтуде
Жамбыл облысында инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау бойынша облыстық семинар өтуде
Бүгін Тараз қаласындағы қалалық көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық орталығында «Медициналық ұйымдарда инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар өз жұмысын бастады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жол картасы мен «Қазақстан Республикасында 2022–2027 жылдарға арналған инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында ұйымдастырылып отыр.
Аталмыш шараны Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды.
Оған облыстың барлық аудандарынан және Тараз қаласынан келген 132 маман – бас дәрігерлер, клиникалық фармакологтар, госпитальдық эпидемиологтар мен бактериологтар қатысуда.
Семинарда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек инфекциялық бақылаудың медициналық көмектің сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіш екенін атап өтті. Ол сондай-ақ инфекциялардың алдын алу және бақылау жүйесін тиімді енгізу – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, барлық техникалық және әкімшілік персоналдың бірлескен жұмысы екенін айтты.
Іс-шарада медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын инфекциялардың алдын алу, бактерияға қарсы препараттарды ұтымды пайдалану және микробтарға төзімділікпен күрес мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Қатысушылар теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларды да меңгеретін болады.
Семинарға республикалық деңгейдегі жетекші мамандар қатысуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Нұрғожин, ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл, сондай-ақ С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Бибіхан Ералиева баяндама жасап, емдеу мекемелеріндегі инфекциялық бақылау мен микробтарға қарсы терапияны ұйымдастырудың заманауи тәсілдері жөнінде талдамалық және әдістемелік материалдар ұсынды.
Аталған оқу өңірдегі медициналық ұйымдарда инфекцияларды бақылаудың тиімді әрі тұрақты жүйесін қамтамасыз етіп, пациенттердің қауіпсіздігін арттыру мен жұқпалы асқынулардың алдын алу бағытында маңызды қадам болмақ.