Жамбыл облысында бас дәрігерлердің қатысуымен аппараттық кеңес өтті

Жамбыл облысында бас дәрігерлердің қатысуымен аппараттық кеңес өтті
Жамбыл облысында бас дәрігерлердің қатысуымен аппараттық кеңес өтті
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиынға облыстық және қалалық емдеу-алдын алу ұйымдарының бас дәрігерлері, сондай-ақ аудандық медициналық мекемелердің басшылары қатысты. Шалғай аудандардың өкілдері Zoom платформасы арқылы кеңеске онлайн форматта қосылды.
Кеңесте негізгі баяндама жасаған – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова. Ол 2024 жыл мен 2025 жылдың алғашқы төрт айы аралығында өңірде көрсетілген консультативтік-диагностикалық көмектің жан-жақты талдауын ұсынып, медициналық сақтандыру жүйесінің алдында тұрған өзекті міндеттер мен негізгі үрдістерге тоқталды.
Азаматтардың медициналық ұйымдарға жүгіну себептері арасында ең жиі кездесетіні – жедел сырқаттар немесе созылмалы аурулардың асқынуы болғаны атап өтілді.
Кеңес барысында сондай-ақ мынадай мәселелер қаралды:
– 2024 жыл мен 2025 жылдың алғашқы айларындағы МКБ Z кодтары бойынша есептен шығару динамикасы;
– қосарлы қаржыландыру жағдайлары;
– антенатальды бақылау қызметтерін көрсету барысы;
– жылжымалы медициналық кешендердің жұмысы.
Барлық деректер 2024 жыл мен 2025 жылдың алғашқы айларын қамти отырып сарапталды.
Кеңес қорытындысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек анықталған кемшіліктерді жою және өңірде медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында нақты тапсырмалар берді.