Мәселе – назарда, шешім – бақылауда

Мәселе – назарда, шешім – бақылауда
Мәселе – назарда, шешім – бақылауда
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізіп келеді. Мақсат — саладағы түйткілдерді халық үні арқылы естіп, нақты шешім қабылдау. Осындай мазмұндағы кезекті қабылдау 4 шілде күні өтті.
Қабылдауға алдын ала жазылған 6 тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін тікелей басқарма басшысына жеткізді. Әр өтініш мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелердің мән-жайы егжей-тегжейлі қарастырылды.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың дені емханалардағы қызмет сапасына, маман тапшылығына, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ емделушілерге көрсетілетін қарым-қатынас мәдениетіне қатысты болды.
Тараз қаласының тұрғыны мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмек тізіміне енбеген, алайда аса қажетті препаратты алу жолын қарастыруды сұрады. Бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп, ұсыныс тиісті деңгейде қаралатыны айтылды.
Ал Меркі ауданынан келген азамат аудандық ауруханада медициналық қызмет көрсету сапасына, қызметкерлердің қарым-қатынасына байланысты шағымын жеткізді. Ол ауруханаға жатудың қиындықтары мен ұйымдастырудағы кемшіліктерді атап өтті.
Байзақ ауданынан келген тұрғын жергілікті ауруханадағы басшылық құрам — бас дәрігер мен заңгердің әрекетіне қатысты жеке шағыммен келсе, тағы бір азамат облыстағы жекеменшік клиника басшысы Ғазиз Абдуалиевтің еңбегін атап, оны марапаттауға ұсыныс білдірді.
Басқару жүйесіндегі ашықтық пен жауапкершілік – ел сенімін арттырудың басты тетігі. Азаматтардың талап-тілегіне дер кезінде құлақ асып, нақты әрекетке көшу – тиімді әрі әділетті денсаулық сақтау жүйесінің айқын көрсеткіші.