Жамбылда алғаш рет көмейге күрделі эндоскопиялық ота жасалды

Жамбылда алғаш рет көмейге күрделі эндоскопиялық ота жасалды

Жамбылда алғаш рет көмейге күрделі эндоскопиялық ота жасалды

Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында көмейдің қатерлі ісіктерін ерте диагностикалауға және аз жарақатпен емдеуге арналған заманауи медициналық жабдық орнатылды. Жаңа аппараттың көмегімен орталықта алғаш рет көмейдің қатерлі ісігінің ерте сатысында аз инвазивті эндоскопиялық резекция отасы сәтті өткізілді.

Ерекше хирургиялық араласуды орталық директоры Жандос Сейдахметовтің жетекшілігімен онкохирургтар тобы жүргізді.

Ота Сарысу ауданының 1959 жылы туған тұрғынына жасалды. Науқасқа бұған дейін көмейдің мүйізденбейтін жалпақ жасушалы карциномасы диагнозы қойылған.
Пациенттің айтуынша, ауру белгілері оны шамамен екі ай бойы мазалаған. Медициналық көмекке жүгінгеннен кейін видеобронхоскопия жасалып, көмейде түзіліс бары анықталған. Гистологиялық зерттеу нәтижесі оның қатерлі ісік екенін көрсетті. Науқас хирургия бөлімшесіне жатқызылып, эндоскопиялық резекция отасы сәтті жасалды.

Бұл – науқастың даусын, өздігінен тыныс алуын сақтап қалуға мүмкіндік беретін және қалпына келу уақытын едәуір қысқартатын аз жарақатты ота. Операциядан кейінгі алтыншы күні-ақ пациенттің жағдайы қанағаттанарлық болып, оң динамикамен үйіне шығарылды.
Бұған дейін мұндай оталар көмейді тілу арқылы ашық тәсілмен жасалатын. Ол ұзақ уақыт жазылумен, дауыс жоғалту, тыныс алу бұзылысы сияқты қауіптермен және екі аптаға дейін созылатын ауруханада жатумен қатар жүретін. Эндоскопиялық тәсілдің енгізілуімен емдеу анағұрлым жеңіл, қауіпсіз әрі тиімді бола бастады.

Өңірде көмейге алғаш рет жасалған мұндай аз инвазивті ота – Жамбыл облысында жоғары технологиялы медициналық көмекті дамытудың маңызды қадамы.

Бұл орталықтың ерте диагностика мен аз инвазивті онкохирургия саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.