Байзақ ауданында жаңа медициналық нысан ашылды
Байзақ ауданына қарасты Тегістік ауылында заманауи талаптарға сай жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Құрылысты «Синдикат Групп» ЖШС жүргізіп, нысанның жалпы сметалық құны 298,472 мың теңгені құрады. Жер телімі 0,20 гектарды құрайды, ал ғимараттың жалпы аумағы – 310,4 м².
Ауыл тұрғындарына амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге бағытталған бұл медициналық пунктте дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмесі, сүзгі (фильтр), акушерлік бөлме, КИЗ кабинеті, процедуралық, егу (вакцинация), стерилизациялық және физиотерапия кабинеттері қарастырылған.
Мекеме ересектер мен балаларға амбулаториялық көмек, дәрігерге дейінгі қызмет көрсету және уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы сияқты медициналық қызмет түрлерін ұсынады.
Қазіргі таңда 624 тұрғынға қызмет көрсететін мекемеде 1 дәрігер, 5,25 орта медициналық қызметкер, 1 кіші медициналық қызметкер және 2,5 басқа қызметкер бар. Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, болашақта 1 дәрігер, 7 орта буын медицина қызметкері, 1 кіші қызметкер және 3 өзге маман қабылданбақшы.
Нысан 100% материалдық-техникалық жабдықталған.
Аталған медициналық пункттің жұмысымен танысу мақсатында Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек арнайы барып, мекеменің жай-күйімен танысты. Ол заманауи стандарттарға сай салынған ғимараттың ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетуге үлкен септігін тигізетінін атап өтті.