Сержан Назарбек облыстық фтизиопульмонологиялық орталығындағы “Ахуалдық орталықтың” жұмысымен танысты
Облыстық фтизиопульмонология орталығының базасында жұмыс жасап тұрған “Ахуалдық орталықтың” қызметімен танысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, алдымен, орталықтың өңірдегі медициналық мекемелердің туберкулезге қатысты көрсеткіштеріне жүргізген мониторинг нәтижелерін талдады.
Бүгінде өңірде “Электронды денсаулық паспортына мәліметтерді дұрыс енгізу” және “Флюорография жоспарын цифрландыру” бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, медицина қызметкерлеріне оқыту шаралары ұйымдастырылуда.
Ересектер мен жасөспірімдер арасында өкпе туберкулезін ерте кезеңде анықтау жұмыстарының нәтижесінде өкпе деструкциясымен тіркелетін жағдайлардың үлесі жыл сайын төмендеп келеді. Бұл — ауруды бастапқы сатысында анықтау деңгейінің жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы 5 айында туберкулездің асқынған түрімен бірде-бір науқас тіркелмеген.
Дегенмен, кейбір емханалар тарапынан қажетті көрсеткіштерге қол жеткізбеуі әліде байқалуда. Осыған байланысты Сержан Назарбек барлық медициналық мекеме бас дәрігерлеріне көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл мәселені басқарма басшысы өзінің тікелей бақылауында ұстайтынын жеткізді.