Бөбектердің тұрмыс пен күтім сапасы - назарда
Басқарма басшысы “Үміт” бөбектер үйіндегі балалардың жағдайымен танысты.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Тараз қаласындағы “Үміт” бөбектер үйіне барып, ондағы тәрбиеленіп жатқан балалардың өмір сүру жағдайын көзбен көріп, мекеме қызметімен жан-жақты танысты. Қазіргі таңда мұнда 18 бала тәуліктік бақылауда, ал 31 бала күндізгі бөлімде тәрбиеленуде.
Демалыс кезіндегі аралау барысында басқарма басшысы мекеменің асханасын арнайы қарап шығып, балалардың күнделікті тамақтану рационына, тағам сапасына және ас мәзірінің құнарлылығы мен әртүрлілігіне ерекше назар аударды. Асханадағы санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы мен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі де бақылаудан тыс қалмады.
Сонымен қатар, Сержан Назарбек балалардың жатын орындарын, ойын және дамыту бөлмелерін, медициналық бақылау кабинеттерін аралап көріп, ондағы кезекші тәрбиешілермен, медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Балаларға жасалып отырған медициналық көмектің сапасы, профилактикалық тексерулердің уақтылы жүргізілуі, психологиялық-педагогикалық қолдау деңгейі және жалпы күтім сапасы туралы сұрақтар қойып, нақты мәліметтер алды.
Басқарма басшысы мекеме бас дәрігері Гүлмира Қүлмағанбетоваға балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді, әсіресе, дұрыс тамақтандыру, жеке гигиена, физикалық және эмоционалдық дамуға жағдай жасауды тапсырды.
Сапар соңында С.Назарбек бөбектер үйіндегі барлық жағдайдың жүйелі бақылауда болатынын айтып, алдағы уақытта бұл бағытта кешенді қолдау жалғасатынын жеткізді.