Денсаулық сақтау басқармасының аппараттық кеңесі өтті

Денсаулық сақтау басқармасының аппараттық кеңесі өтті
Денсаулық сақтау басқармасының аппараттық кеңесі өтті
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Оған облыстық, қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері қатысты. Жиын барысында өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Ең алдымен, басқарманың штаттан тыс бас кардиологы Рауза Жұбандықова инфаркт кезінде медициналық көмекті интеграцияланған үлгіде көрсету жөніндегі Жол картасының 2025 жылдың алғашқы бес айындағы орындалуы туралы баяндама жасады. Ол қол жеткізілген нәтижелерге талдау жасап, ерекше назар аударуды қажет ететін түйткілді тұстарды атап өтті. Өзекті мәселелерді шешу үшін халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту, Шуда II деңгейлі ЧКВ орталығын ашу, Таразда кардиологиялық бөлімше құру, дислипидемия кабинеттерінің желісін кеңейту, скринингті жақсарту және қазіргі заманғы диагностикалық әдістерді — жүрек тамырларының МСКТ-сі, стресс-ЭхоКГ мен ПЭТ-ті енгізу ұсынылды.
Штаттан тыс бас невропатолог Айгүл Момуналиева 2024–2025 жылдардың бес айы ішіндегі Жамбыл облысының инсульт қызметінің жай-күйі жөнінде баяндады. Қиындықтар қатарында пациенттердің кеш жүгінуі, профилактиканың төмен деңгейі, диспансерлеудің әлсіздігі, дәрі-дәрмек, кадр және жабдықтар тапшылығы, сондай-ақ тромболизисті жеткіліксіз қолдану аталды. Шешім ретінде халықты ақпараттандыруды күшейту, салауатты өмір салты кабинеттерінің жұмысын жандандыру, диспансерлік бақылау мен емдеуді қамтамасыз ету, телемедицинаны дамыту, жабдықтау мен логистиканы жақсарту және мамандарды даярлау ұсынылды.
Басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбай денсаулық сақтауды цифрландыру мәселелеріне тоқталды. Жұмыстың бір бағыты ретінде қашықтан медициналық қызметтерді (ҚМҚ) дамыту аталды. Қашықтан көрсетілген медициналық қызметтердің жалпы саны 73 852-ні құрады, оның ішінде қалаларда — 31 128, ауылдарда — 42 724. Осылайша, жалпы көрсетілген 1 068 902 медициналық қызметтің 6,91%-ын қашықтан көрсетілген қызметтер құрады. "Әлеуметтік әмиян" механизмі арқылы дәрілік қамтамасыз етудің цифрлық бағдарламасы аясында 433 994 рецепт жазылды. Оның ішінде 289 466 рецепт немесе 66,7%-ы тікелей "әлеуметтік әмиян" арқылы қамтамасыз етілді, бұл оның халықты мақсатты қолдаудың тиімді құралы екенін көрсетеді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек қоры қалған медициналық ұйымдардың тізімі ұсынылды — бұл мәселе ерекше бақылауға алынды.
Жиын соңында Сержан Назарбек кардиология және инсульт көмегі бағытындағы индикаторлардың орындалуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.