ҚР Цифрлық даму вице-министрінің Жамбыл облысына сапары: денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық

ҚР Цифрлық даму вице-министрінің Жамбыл облысына сапары: денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық
ҚР Цифрлық даму вице-министрінің Жамбыл облысына сапары: денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.
Ондағы негізгі бағыты – денсаулық сақтау саласындағы цифрлық технологияларды дамыту, атап айтқанда, ауруларды ерте диагностикалауда жасанды интеллектті енгізу болды.
Сапар аясында вице-министр №5 қалалық емханасына барды. Мұнда ТМД елдері үшін бірегей жоба — жасанды интеллект элементтері бар радиологиялық ақпараттық жүйе (PACS) енгізілуде. Бұл жүйе диагностикалық цифрлық бейнелерді бірнеше минут ішінде электрондық түрде жіберуге, өңдеуге және мұрағаттауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл физикалық тасымалдаушыларды және деректерді қолмен жеткізуді қажет етпейді, сонымен қатар медициналық ақпаратқа жедел қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Жобада онкологиялық ауруларды, атап айтқанда, өкпе мен сүт безі обырын ерте анықтауға ерекше назар аударылған. Мамандандырылған жасанды интеллект жүйелерін (мысалы, x-Eye Mammo және x-Eye Toraks) қолдану арқылы 1 мм-ден басталатын ісіктерді анықтауға болады, ал дәстүрлі визуализация әдістері тек 5 мм-ден асқан кезде ғана ісікті тіркейді. Бұл емдеуді ең ерте кезеңде бастауға мүмкіндік береді және сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Бүгінгі таңда облыстағы 33 медициналық ұйым бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктірілген, бұл қашықтықтан диагностика жүргізуге және адами фактордың әсерін 95%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Цифрлық шешімдерді енгізу сондай-ақ жыл сайын 300 миллион теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Дмитрий Мун қол жеткізілген нәтижелерге жоғары баға беріп, осындай жобаларды бүкіл облыс көлемінде кеңейту маңыздылығын атап өтті. Ол цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытудың, сондай-ақ азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін, сапасын және тиімділігін арттыру мақсатында денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізудің қажеттігін айтты.