Таразда медицина мамандарының құқығын қорғауға арналған семинар өтті

Таразда медицина мамандарының құқығын қорғауға арналған семинар өтті
Таразда медицина мамандарының құқығын қорғауға арналған семинар өтті
Тараз қалалық №2 емханасында медицина қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара өтті. «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі мен «Аналитика және корпоративтік басқару академиясы» ЖШС-нің бастамасымен ұйымдастырылған бұл семинар «Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру» тақырыбын арқау етті.
Іс-шара аясында медицина мамандары өз құқықтарын қорғау тетіктерімен, әсіресе пациент тарапынан қысым, бейнетүсірілім арқылы қорқыту, тіл тигізу, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіру сынды жағдайларда әрекет ету алгоритмдерімен кеңінен танысты. Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғаушы, «AQNIET» кәсіподағының құқық қорғау жөніндегі бас үйлестірушісі Дәурен Нұрсапанов терең түсінік берді.
Сонымен қатар, семинар барысында «Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы» РҚБ атқарушы директорының орынбасары, ұйымдардағы байқау кеңестерінің төрағасы Еркебұлан Бүркітбаев та сөз сөйлеп, саладағы корпоративтік басқару, медициналық мекемелердің жауапкершілік аясы туралы тың мәліметтермен бөлісті. Семинар жұмысына аймақтағы емдеу мекемелерінің экономика жөніндегі орынбасарлары, экономистер мен заңгерлер қатысты.