Сержан Назарбек №2 қалалық емханасының жұмысымен танысты
Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек №2 қалалық емханасында болып, мекеменің қызмет көрсету сапасы мен ішкі жұмыс үдерістерін көрді.
Алдымен емхананың қабылдау бөлімін аралаған басқарма басшысы науқастарды қабылдау тәртібімен, алғашқы көмек көрсету барысымен танысты.
Келесі кезекте ол қоңырауларға жауап беретін байланыс орталығының жұмысын көріп, халықпен кері байланыстың қаншалықты сапалы ұйымдастырылғанына назар аударды. Бұл бағытта өз тарапынан бірнеше ұсыныстар айтқан басқарма басшысы тіркеу бөлімінің қызметі мен ондағы жүктемені, дәрігерге дейінгі алғашқы көмектің қалай ұйымдастырылғанын бақылап, мамандарды оқыту және бағыттау жұмыстарын сұрап білді.
Бұдан бөлек, азаматтардың шағымдарын жедел қабылдайтын, "қазір және осында" қағидатымен жұмыс істейтін арнайы бөлімнің жұмысымен танысты. Басқарма басшысы бұл бөлімнің жұртшылықпен тікелей және жедел байланыс орнатудағы маңызын атап өтті.
Ерекше назар аударылған бағыттардың бірі – балалы болу жасындағы әйелдерге шұғыл көмек көрсету, соның ішінде эклампсия кезінде көрсетілетін медициналық көмек пен толғақ немесе босану кезіндегі қан кету жағдайларында әрекет ету тәртібі болды. Бұл бойынша да тиісті тапсырмалар берген Сержан Назарбек ана мен бала денсаулығын арттыру, отбасын жоспарлау секілді маңызды мәселелерге жете мән беруді және оны жетілдіру бойынша тапсырмалармен нақтылады.
Осы мақсатта Сержан Сәрсенбекұлы емханада төтенше жағдай туындаған сәтте іске қосылатын дабыл тетігін өзі басып, медицина қызметкерлерінің әрекет ету жылдамдығы мен үйлесімділігін көрді.
Кездесу соңында басқарма басшысы емхана жұмысына оң бағасын беріп, басты мақсат – тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету екенін атап өтіп, емхананың бас дәрігері Жеңіс Тойшыбековаға бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мен дамыту туралы тапсырмалар берді.