Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «Амир и Д» ЖШС-нің қызметімен танысты

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «Амир и Д» ЖШС-нің қызметімен танысты
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «Амир и Д» ЖШС-нің қызметімен танысты
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «Амир и Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, компания өндіріп отырған дәрілік заттардың өндіріс барысымен, сақтау талаптарымен және сапасын бақылау жүйесімен танысты. Кәсіпорын өкілдері дәрілік заттарды өндіру үдерісін, салқын тізбекті сақтау қамтамасыз етілуін және өнімді шығару кезінде санитарлық талаптардың орындалуын көрсетті.
Сержан Назарбек фармацевтикалық өндірістің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, компанияның өңірдегі медициналық ұйымдарды қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етудегі үлесін атап өтті.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында стационарлық медициналық көмек пен амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) аясында Бірыңғай дистрибьютор арқылы 72 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамтылуда. Оның ішінде 47-сі қалалық, 19-ы ауылдық және 6-ауы ведомстволық мекемелер.
Стационарлық көмек бағыты бойынша 2025 жылға арналған келісімшарттар аясында 1252 атаулы дәрілік зат пен медициналық бұйымды жеткізуге жалпы сомасы 12,8 млрд теңге көлемінде келісім жасалған. Қосымша қажеттіліктерді ескере отырып, 1027 атау бойынша 7,3 млрд теңгеге өнім жөнелтілді, бұл жоспарланған көлемнің 57 пайызын құрайды.
АДҚ бағыты бойынша медициналық ұйымдар 2025 жылға 563 атау бойынша жалпы сомасы 11,9 млрд теңгеге өтінім берген. Денсаулық сақтау басқармасы жүргізген түзету нәтижесінде 470 атаудан тұратын, жалпы құны 10,4 млрд теңге болатын жиынтық өтінім қалыптастырылды. 2025 жылғы 23 маусымдағы жағдай бойынша, қосымша қажеттіліктерді ескере отырып, Бірыңғай дистрибьютор 32 медициналық ұйымға 7,3 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек жөнелтті. ИСЛО жүйесінің мәліметінше, қамтамасыз ету деңгейі 5,4 млрд теңгені құрап отыр, ал дәріхана пунктеріндегі қалдықтар көлемі –1,9 млрд теңге.
Сержан Назарбек мұндай кәсіпорындардың дамуы өңірдің фармацевтикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, медициналық қызметтердің сапасын арттыруда, жаңа жұмыс орындарын құруда және отандық өндірісті қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Еске сала кетейік, «Амир и Д» ЖШС Жамбыл облысы бойынша МӘМС және ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау қызметін «СК-Фармация» ЖШС-не көрсетеді.