Меркі санаторийіндегі медициналық пункт жұмысымен танысты
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жұмыс сапарымен Меркі ауданындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралады. Сапар барысында ол Меркі аудандық орталық ауруханасына қарасты Меркі санаторийі аумағында орналасқан медициналық пункттің жұмысымен танысты.
2019 жылы пайдалануға берілген бұл нысан бүгінде 88 демалушыға алғашқы медициналық көмек көрсетуге қауқарлы. Медициналық пункттің басты мақсаты – санаторийге келген азаматтардың денсаулығын бақылап, қажет болған жағдайда жедел медициналық көмек көрсету.
Сапар кезінде басқарма басшысы жергілікті халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Ол медициналық пункттегі санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын, дәрілік заттардың жарамдылық мерзімін жеке тексеріп, мерзімі өткен препараттарды тез арада жарамды дәрілермен ауыстыруды тапсырды.
Сержан Назарбек сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.