Туберкулезге қарсы іс-шараларды бағалау мақсатында жиын өтті

Туберкулезге қарсы іс-шараларды бағалау мақсатында жиын өтті

Туберкулезге қарсы іс-шараларды бағалау мақсатында жиын өтті

Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен облыста туберкулезге қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды бағалау және мониторинг жүргізу бойынша жиын өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» мамандарынан құралған мониторингтік топ пен өңірдегі туберкулезге қарсы медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ондағы мақсат – туберкулездің алдын алу, ерте анықтау және оған қарсы күрес шараларының тиімділігін бағалап, медициналық ұйымдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету.
Кездесу барысында облыстағы туберкулезге қарсы қызметтің жай-күйі талқыланып, алдағы атқарылатын міндеттер белгіленді. Мониторинг нәтижесінде саладағы кемшіліктер мен артықшылықтар сараланып, нақты ұсыныстар жасалынды.
«Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің жетекшісі Раушан Жарылқасынованың айтуынша, бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — өңірлерде туберкулезге қарсы күрес тиімділігін арттыру, ерте анықтау мен сапалы емдеуді қамтамасыз ету. Осы бағытта институт мамандары аймақтық деңгейде кадрларды оқыту, диагностикалық стандарттарды енгізу және емдеу сапасын бақылау секілді бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, Жарылқасынова Раушан Каналбекқызы туберкулезбен күресуде бастапқы медициналық-санитариялық көмектің рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ауруды ерте кезеңде анықтау және алдын алу шараларын жергілікті деңгейде тиімді ұйымдастыру арқылы сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайтуға болады.
Жұмыс сапарлары барысында олар жергілікті медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы, мамандардың кәсіби дайындығы және науқастарды басқару жолдарын жан-жақты сараптап, талдаулар жасап, қажетті ұсыныстар мен әдістемелік көмектер көрсеткен.
Жиынға қатысқан мамандар:
• Нажмиден Айзада Рашитқызы – ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, Мониторинг және бағалау тобының жетекшісі;
• Аблимитова Феруза Абдумажитовна – ҚР ҰФҒО, Мониторинг және бағалау тобының маманы, облыс кураторы;
• Егенова Лаура Пернебаевна – ҚР ҰФҒО, дифференциалды диагностикалық бөлім жетекшісі;
• Коптлеуова Алия Бақытжанқызы – Жаһандық қордың зертхана маманы.
Жиын соңында аталған мамандардың пікірлері, жүргізілген талдаулары мен сараптау нәтижелері тыңдалып, олар негізінде өңірлік деңгейде туберкулезбен күрес шараларын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар пысықталды.
Жиын соңында басқарма басшысы Сержан Назарбек барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстарды назарға алатынын айтып, алдағы уақытта туберкулезге қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Ол мониторингтік топтың талдау нәтижелері мен мамандар ұсынған әдістемелік ұсынымдардың өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жетілдіруге үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының ұсынымдарын ескере отырып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары және облыстық фтизиопульмонология орталығы сияқты мүдделі тараптармен келісілетін жылдық іс-шаралар жоспары әзірленеді. Аталған құжат салалық сарапшылардың тікелей қатысуымен дайындалатын болады.