Жамбыл облысында медициналық техниканы лизинг арқылы сатып алу мәселесі талқыланды

Жамбыл облысында медициналық техниканы лизинг арқылы сатып алу мәселесі талқыланды
Жамбыл облысында медициналық техниканы лизинг арқылы сатып алу мәселесі талқыланды
Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен «Медициналық техниканы лизинг арқылы сатып алу» тақырыбында кеңес өтті. Жиынға өңірдегі барлық медициналық ұйым басшылары қатысты.
Басқосудағы басты тақырып – облыстағы емдеу-алдын алу мекемелерінің медициналық жабдықтар паркін жаңарту және жаңғырту үшін лизинг тетігін енгізу мәселесі болды. Кездесу барысында «ҚазМедТех» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Абылайханұлы қазіргі заманғы медициналық техниканы лизинг арқылы қаржыландыру мен сатып алу мүмкіндіктері жөнінде кеңінен баяндама жасап, қатысушыларға арнайы таныстырылым ұсынды.
Кеңесте лизингтік операциялардың қаржылық және құқықтық тетіктері түсіндіріліп, бұл механизмнің негізгі артықшылықтары жан-жақты көрсетілді. Атап айтқанда, лизинг медициналық мекемелерге қомақты бастапқы қаражатсыз-ақ техникалық базаны тиімді әрі жедел түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
Жиында жоғары технологиялы медициналық көмектің халық үшін қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар ұсынылған мүмкіндіктерге зор қызығушылық танытып, «ҚазМедТех» акционерлік қоғамымен ықтимал әріптестік бағыттарын талқылады.
Кездесу қорытындысында қатысушылар өз сауалдарына жауап алып, облыстың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, «ҚазМедТех» АҚ еліміздің өңірлерінде сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді арттыру мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету миссиясын табысты жалғастырып келеді.