Ана мен бала денсаулығы — ерекше бақылауда!

Ана мен бала денсаулығы — ерекше бақылауда!


Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Қордай аудандық орталық ауруханасына барып, ана мен балаға медициналық көмек көрсетудің жай-күйімен танысты.

Ауруханада жүкті әйелдерді бақылауға алу, босандыру және нәрестелерді күтіп-баптау үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Заманауи құрал-жабдықтар, білікті дәрігерлер мен акушерлер әрбір ананың және сәбидің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етуде.

Бүгінгі таңда ауданда 9 стационарлық және 11 амбулаториялық акушер-гинеколог еңбек етіп, халыққа уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетіліп отыр.
Сержан Назарбек медициналық қызмет сапасын арттыру және ауылдық жерлерде оның қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Аналар мен балалардың амандығы — еліміздің болашағы», — деді ол.

Сапар қорытындысында басқарма басшысы ана мен бала денсаулығын қорғау саласында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерде амбулаториялық қызметтің кадрлық әлеуетін күшейту, жүкті әйелдердің пренаталдық скринингтермен және ультрадыбыстық зерттеулермен қамтылуын кеңейту, акушер-гинекологиялық қызметкерлер үшін оқыту семинарларын тұрақты өткізу, сондай-ақ репродуктивті денсаулық және жүкті әйелдерді ерте тіркеу мәселелері бойынша халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.