Басқарма басшысы Шу қалалық емханасындағы ана мен бала денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстарға назар аударды
Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Шу қалалық емханасына жұмыс сапары барысында ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударды.
Емханада жүкті әйелдерді ерте мерзімде есепке алу, босануға дейінгі және босанудан кейінгі кезеңде медициналық бақылау шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы бес айында 341 жүкті әйел есепке алынып, олардың 95%-ы жүктіліктің алғашқы кезеңінде тіркелген. Бұл – аналардың денсаулығын уақытылы бақылауға алып, жүктілік асқынуларының алдын алуға бағытталған маңызды көрсеткіштердің бірі.
2025 жылы 307 нәресте дүниеге келген. 1 жасқа дейінгі балалар саны 698-ді құрайды. Балалар өлімі 1 жағдаймен тіркеліп, көрсеткіш 1,4 промильді құрады. Бұл көрсеткіш республикалық орта деңгейден төмен екенін көрсетеді.
Емханада балалар дәрігерлері мен әйелдер консультациясы бөлімшесі белсенді жұмыс істейді. Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында скринингтер, профилактикалық тексерулер, емізуді қолдау кабинеті және босанған әйелдерге арналған оқыту бағдарламалары іске асырылуда.
Сапар барысында басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру, әсіресе ана мен баланы бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде кешенді түрде қамтуды күшейту, перинаталдық өлімнің алдын алу және жаңа туған нәрестелердің денсаулығын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.