Басқарма басшысы вакциналардың сақталу жағдайын көрді
Жұмыс сапары аясында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Шу аудандық ауруханасына барып, вакциналардың сақталу талаптарының орындалуын және олардың санитарлық нормаларға сәйкестігін тексерді.
Сапар барысында Сержан Назарбек иммунобиологиялық препараттар, соның ішінде вакциналар сақталатын орындардағы температуралық режимнің дұрыс сақталуын көзбен көріп, тоңазытқыш жабдықтардың жарамдылығын және «суық тізбек» талаптарының орындалуын бағалады.
Ол вакциналардың дұрыс сақталуы – халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, қойма жайларының санитарлық жағдайы, арнайы тоңазытқыш құрылғыларының жұмыс істеу сапасы және медицина қызметкерлерінің жауапкершілік деңгейі басты назарда болды.
Сапар қорытындысында аурухана басшылығына нақты тапсырмалар берілді: вакциналарды сақтау тәртібін бұзуға жол бермеу, «суық тізбекке» тұрақты бақылау орнату және қызметкерлердің біліктілігін жүйелі түрде арттырып отыру.