Сержан Назарбек Шу аудандық ауруханасындағы жағдайы ауыр жүкті әйелдің жағдайын білді
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Шу ауданына барып, емдеу мекемесіндегі жағдайы ауыр, тұрақты қалыпты жағдайдағы жүкті әйелге жасалып жатқан медициналық қосымша тағайындау мен ұсынымдарды қарап танысты.
Сондай-ақ, аудандағы ана мен бала денсаулығын арттыру бағытындағы медициналық көмектің жай-күйімен танысты. Сапар барысында ол аналарды бақылау, босандыру және босанғаннан кейінгі кезеңдегі медициналық қызметтің ұйымдастырылуына ерекше назар аударды.
Басқарма басшысы аурухананы аралап, кабинеттердің техникалық жабдықталуын, мамандармен қамтылуын және болашақ аналар үшін диагностикалық, зертханалық қызметтердің қолжетімділігін тексерді. Сондай-ақ жүктілік кезіндегі асқынулардың алдын алу, пациенттерді дұрыс бағыттау (маршрутизация) және медициналық көмектің барлық деңгейлері арасындағы үйлесімділік мәселелері кеңінен талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша Сержан Назарбек перинаталдық көмектің сапасын ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, аудандық аурухана басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жүкті әйелдер үшін қолайлы жағдай жасауды, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.