Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Шу ауданына барды
Жұмыс сапары аясында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Шу ауданына барып, өңірдегі медициналық мекемелердің қызметімен жан-жақты танысты.
Ондағы негізгі мақсат – денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайын бағалау, медициналық инфрақұрылымды дамыту бағыттарын, көрсетілетін қызметтердің сапасын талқылау және саланың өзекті мәселелерін шешу болды.
Сапар барысында Сержан Назарбек барған негізгі нысандардың бірі – Шу аудандық орталық ауруханасы. Аурухананың бас дәрігері – Жайдар Айтишев. Медициналық мекеме 55 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді, 15 бөлімшеде 130 төсек-орынмен қамтылған. Аурухана 463,25 штат бірлігімен жұмыс істейді, оның ішінде 124,5 – дәрігерлік, 338,75 – орта медициналық қызметкерлер.
Бүгінгі таңда ауруханада төрт маман жетіспейді: жалпы практика дәрігері, сәулелік терапия бойынша радиолог, физикалық медицина және қалпына келтіру маманы, сондай-ақ фтизиатр қажет. Жас мамандарды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, бейінді жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша науқастану көрсеткішінің айтарлықтай өскені байқалды, әсіресе қан айналымы жүйесі аурулары бойынша – әр 100 мың адамға шаққанда 253,3-тен 2509,1 жағдайға дейін артқан. Соған қарамастан, бұл сырқаттардан болатын өлім-жітім деңгейі 9,6%-ға төмендеген. Сонымен бірге туберкулезге шалдығу 22,9%-ға өскен, ал қатерлі ісіктер бойынша аурушаңдық деңгейі 28,1%-ға азайған. Туберкулез бен жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімнің жоғары болуы ерекше алаңдаушылық туғызуда.
Сапар барысында Сержан Назарбек аурухананың бірқатар бөлімшелерін аралап, медициналық персоналмен және пациенттермен тілдесті. Сапар қорытындысы бойынша мекеме басшылығына анықталған кемшіліктерді жою және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.