Басқарма басшысы Сержан Назарбек Мойынқұм ауданында
Бүгін Мойынқұм ауданына Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жұмыс сапарымен келіп, аудандық орталық аурухананың қызметімен танысты.
Сапар аясында өңірдегі медициналық инфрақұрылымның жай-күйі мен дамуы, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, сондай-ақ өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары зерделенді.
Аурухана 82 төсек-орынмен қамтылған, оның құрамында әртүрлі бағыттағы 19 бөлімше жұмыс істейді.
2025 жылдың қаңтар–ақпан айларында Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында 19 781 медициналық қызмет түрлері көрсетілген. Соның ішінде 1 434 ықтимал ақау тіркелген.
Сапар барысында басқарма басшысы аурухананың бірқатар стационарлық және амбулаториялық бөлімшелерін аралап, медицина қызметкерлерімен және пациенттермен тілдесті. Олардан медициналық қызметке қолжетімділік және көрсетілетін қызмет сапасы туралы сұрады.
Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері м.а Бағлан Жунисбековке кадрлық әлеуетті күшейту, дәрігерлерді оқыту мен материалдық-техникалық базаны нығайтуды ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, пациенттердің шағымдарына уақтылы ден қою және қызмет көрсету барысындағы ақаулардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аурухананың инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық сапасын дамыту мен жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар берген Сержан Сәрсенбекұлы аталған емдеу мекемесіндегі кемшіліктерді нақтылап көрсетіп, олардың орындалуына уақыт берді.