Ел медицинасының ерен тұлғасы - 86 жаста
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек елімізге еңбегі сіңген көрнекті кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейтхан Жошыбаевты 86 жасқа толған мерейтойымен құттықтау үшін Ғылыми клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына арнайы барды.
Медицина ғылымының маңдайалды тұлғасы саналатын Сейтхан Жошыбаев — Қазақстан мен Қырғызстанда жүрек хирургиясы мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Бес мыңнан астам аса күрделі жүрек отасын сәтті жасаған профессордың есімі халықтың жүрегіне де, ел тарихына да алтын әріппен жазылды. Ол тек мықты дәрігер ғана емес, тұтас буынды тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз, ірі ғалым.
Көп жылғы ерен еңбегі лайықты бағаланып, «Отан», «Парасат» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.
Кездесу барысында Сержан Назарбек медицина майталманына жылы лебізін білдіріп, халық денсаулығы жолындағы қажырлы қызметі үшін алғысын жеткізді.
Сала басшысы профессордың ғылыми және кәсіби жолы жас мамандар үшін үлгі екенін атап өтіп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.