Қалалық аурухананың түнгі қызметі бақылауға алынды

Қалалық аурухананың түнгі қызметі бақылауға алынды
Қалалық аурухананың түнгі қызметі бақылауға алынды
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы мен консультативтік-диагностикалық орталыққа арнайы барып, мекеменің қабылдау бөлімінде түнгі уақытта халыққа көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасын тексерді.
Аталған орталық – Тараз қаласындағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі. Мұнда науқастарға тәулік бойы үздіксіз медициналық көмек көрсетіледі. Аурухананың қабылдау бөлімі заманауи талаптарға сай жабдықталған және жұмыс жүйесі ТРИАЖ әдісі бойынша ұйымдастырылған. Бұл жүйе науқастың жағдайын жедел бағалап, шұғыл әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Күніне мұнда алғашқы медициналық көмекке 250-ден 500-ге дейін адам жүгінеді, олардың 100-ден астамы ауруханаға жатқызылады. Қабылдау бөлімінде қарқынды терапия палатасы (ПИТ), диагностикалық палата, экспресс-зертхана, цифрлық рентген және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) кабинеттері жұмыс істейді.
Науқасқа шұғыл көмек көрсету ісінде уақыт шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осыны ескере отырып, аурухана басшылығы экспресс-зертхананы тікелей қабылдау бөлімінің ішінен ашқан. Бұл зертхана арқылы қан мен зәрдің негізгі анализдері 10 минут ішінде дайындалып, емдеу тактикасын жылдам анықтауға жол ашады.
Барлық науқастар ТРИАЖ жүйесі бойынша сұрыпталып, жағдайының ауырлық деңгейіне қарай бөлінеді. Қызыл аймаққа түсетін, яғни өміріне қауіп төнген науқастар қарқынды терапия палатасына жіберіліп, 15 минут ішінде бастапқы диагноз қойылады.
Ауруханада тәулік бойы түрлі бейіндегі дәрігерлер кезекшілік етеді. Олардың қатарында терапевт, гинеколог, нейрохирург, хирург, травматолог, уролог, ЛОР-дәрігер, жақ-бет хирургі, реаниматолог, пульмонолог және нефрологтар бар.
Медициналық мекеме заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Науқастар идентификациялық білезіктермен, ал медицина қызметкерлері электрондық планшеттермен қамтамасыз етілген. Бұл – қағазбастылықты азайтып, қызмет көрсету сапасын арттыруға және аурухананың әкімшілік шығындарын төмендетуге септігін тигізген заманауи шешім.
Қазіргі уақытта аурухана 676 төсек-орынға есептелген. Оның ішінде 546 орын – стационарлық, ал 66 орын – күндізгі стационарға арналған.
Қабылдау бөлімі жедел жәрдем арқылы, дәрігер жолдамасымен, өз еркімен келген, сондай-ақ портал арқылы тіркелген науқастарды қабылдайды.
Сапар қорытындысында басқарма басшысы Сержан Назарбек аурухананың бас дәрігері Хамит Мурзакасымовқа медициналық қызметті жетілдіру, ұйымдастырушылық жұмыстарды күшейту және науқастар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Басқарма басшысы емдеу мекемесінің қазіргі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, тұрғындарды сапалы және жедел медициналық көмекпен қамтамасыз етуде жүйелі тәсіл ұстану қажеттігін ерекше атап өтті.