Жедел жәрдем қызметін жетілдіру – күн тәртібіндегі басты мәселе

Жедел жәрдем қызметін жетілдіру – күн тәртібіндегі басты мәселе
Жедел жәрдем қызметін жетілдіру – күн тәртібіндегі басты мәселе
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының жұмысымен танысты. Басқарма басшысы диспетчерлік бөлім мен Колл-орталықтың қызметін бақылап, халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмінің тиімділігін тексерді. Диспетчерлердің қоңырауларды қабылдауы, шақыруларды санаттарға бөлуі және жедел жәрдем бригадаларын дер кезінде бағыттауы – халық денсаулығын қорғаудағы маңызды буын саналады.
Түннің кеш мезгілінде, алдын ала ескертусіз, Сержан Назарбек жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс деңгейін өз көзімен көріп, олардың жұмыс тәртібін, облыс бойынша шақыртулар статистикасын және бригадалардың шақыру орнына жету тиімділігін тексерді.
Бүгінде Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметі тәулік бойы, 24/7 режимінде жұмыс істейді. Өңірде 20-дан астам жедел жәрдем бекеті мен реанимобильдермен жабдықталған медициналық бригадалар қызмет атқарады. Барлық шақыртулар біріңғай колл-орталық арқылы қабылданады, ал диспетчерлер арнайы бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істейді.
Жүйенің автоматтандырылған платформасы бригадалардың орналасқан жерін, жол жағдайын және шақыру сипатын ескере отырып, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Сержан Сәрсенбекұлы жаңа заңнама талаптарына сәйкес, төртінші санаттағы шақыртулар бойынша диспетчерлік орталық азаматтардың өтініштерін тіркеп, автоматты түрде тиісті бригадаларды бағыттайтынын атап өтті. Бұл ретте жедел жәрдем қызметінің қалыпты жұмысы бұзылмайды.
Сапар барысында басқарма басшысы ақпараттық жүйелерді жаңарту, жедел жәрдем бригадаларының санын көбейту және қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде арттыру арқылы қызмет тиімділігін көтеру қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ол жедел жәрдем қызметінде шешімін қажет ететін бірқатар жүйелі мәселе бар екенін, оларды кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешу қажеттігін тілге тиек етті.
— Жедел жәрдем қызметін жетілдіру – бұл жай ғана медициналық мәселе емес, бұл әрбір азаматтың өмірі үшін жауапкершілік мәселесі. Қазіргі бар кемшіліктерді біз ашық түрде, бірізді шешетін боламыз, – деді басқарма басшысы жедел жәрдем қызметкерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау барысында.