Ана мен бала өліміне жол бермеу, скринингтік тексерулерді жандандыру туралы тапсырма берілді

Ана мен бала өліміне жол бермеу, скринингтік тексерулерді жандандыру туралы тапсырма берілді
Бүгін денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Сержан Назарбек Байзақ аудандық орталық ауруханасына арнайы барып, медициналық мекеменің жұмысымен және ондағы ана мен бала денсаулығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сержан Сәрсенбекұлы емханаға келген жүкті әйелдермен кездесіп, олардың денсаулығы мен көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің сапасы жайлы пікірлерін тыңдады. Әйелдермен ашық әңгіме барысында басқарма басшысы ана мен бала денсаулығы – басты назарда екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жандана түсетінін жеткізді.
Байзақ ауданында ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Дегенмен, басқарма басшысы аудандық аурухананың бас дәрігері Жандос Рыскуловқа бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, аудан көлемінде жүкті әйелдер мен бала туу жасындағы әйелдер арасында профилактикалық тексерулерді күшейту, аналар мен сәбилердің денсаулығын бақылауға алу үшін жылжымалы медициналық кешендерді жиі шығарып, шалғай ауылдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, басқарма басшысы скринингтің сапасын арттыру үшін кадрлық құрамды қайта қарап, медициналық қызметкерлерге қосымша оқыту курстарын өткізуді міндеттеді. Бұл ретте, жергілікті әкімдікпен бірлесіп, скринингтік жұмыстарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігі де айтылды. Ол ауыл әйелдерінің денсаулығын қорғау – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, скрининг нәтижелері бойынша қауіпті топқа жататын әйелдермен дер кезінде жұмыс жүргізу маңызды екенін жеткізді.
Жандос Рыскулов өз кезегінде бұл тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын айтып, жоспарды нақты кезеңдерге бөліп іске асыруға уәде берді.
Сондай-ақ, осы күні жауапты сала мамандарының қатысуымен кеңес өткізіліп, ана мен бала өлімінің алдын алу, ауылдық елді мекендердегі әйелдерді скринингтік тексеруден өткізу мәселелері қаралды.