Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының тәжірибелі мамандары Шу ауданына арнайы іссапармен барып, жергілікті тұрғындарға медициналық-консультациялық қызмет көрсетті.
Аталған сапардың басты мақсаты – шалғай елді мекендердегі стационарлық медициналық қызметтің сапасын арттыру, аудандық медицина мекемелерінің жұмысын жетілдіруге әдістемелік қолдау көрсету және жергілікті мамандармен тәжірибе алмасу.
Медицина саласы бойынша кешенді шараларды қамтыған бұл сапарға облыстық аурухананың инфекциялық бақылау және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Алмас Исаков жетекшілік етті. Ол Шу аудандық ауруханасының жан сақтау, терапия, қабылдау бөлімдерін аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Медициналық персоналмен арнайы кездесіп, ұйымдастырушылық және емдеу ісіндегі өзекті мәселелер жөнінде кеңес берді.
Сапар барысында облыстық деңгейдегі жоғары санатты дәрігерлер – ревматолог, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, гинеколог, ангиохирург және хирург сынды түрлі бейіндегі мамандар бір күнде 100-ден астам тұрғынды қабылдап, тиісті тексеру мен емдеу бойынша ұсыныстар берді. Бұл – аудан халқы үшін үлкен мүмкіндік қана емес, ел ішіндегі сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жолындағы нақты қадам.
Облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Алмас Еркінбекұлы бұл бастаманың маңызын былайша түсіндірді:
«Бүгінде облыс көлемінде медициналық көмектің сапасын арттыру мен оның қолжетімді болуын қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Біз тек жабдықпен немесе инфрақұрылыммен шектелмейміз. Ең бастысы – тәжірибе алмасу, үздік әдістерді енгізу және шалғайдағы әріптестерімізге кәсіби қолдау көрсету. Мақсат – аудандық деңгейдегі медициналық көмекті облыс орталығының деңгейіне барынша жақындату».