2025 жылдың наурыз айының соңында Ресей Федерациясының азаматшасы, 1967 жылғы Д. есімді пациент ауыр инсульт алып, миына кең көлемде қан құйылып, ес-түссіз жатып қалған.
Алғашқы шұғыл ота оның тұрғылықты мекені — Байқоңыр қаласында жасалған. Бірақ науқастың жағдайы тұрақсыз болып, жақсарудың орнына нашарлапты. Сәуір айында жағдай мүлде қиындап, басына қайта қан құйылып, науқас есін толық жоғалқан.
Науқастың жақындары үмітін үзбей, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы мамандандырылған медициналық мекемелердің бірқатарына қайырылыпты. Алайда, науқастың жағдайының тым ауырлығы мен қолайсыз болжамға байланысты көптеген медициналық орталықтар оны қабылдаудан бас тартыпты.
Сол сәтте туыстары Қазақстанға, оның ішінде Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасын таңдап, оны тауып байланысқа шығыпты.
Аурухана мамандары, алдымен, қашықтықтан кеңес беріп, пациенттің ми тамырларында ақау болуы мүмкін екенін болжады. Содан кейін олар науқасты өздеріне әкелуді айтып, емдеуден өткізуге шешім қабылдайды. Бұл – оның өмірін сақтап қалуға берілген соңғы мүмкіндік болатын.
Науқас ауруханаға түскен кезде жағдайы өте ауыр еді: ес-түссіз, тыныс алуы нашар, жүрек жұмысы тұрақсыз, өкпесінде қабыну, ал бұрынғы ота орны іріңдеп кеткен.
Алайда, медицина ғылымдарының кандидаты, хирургия және инновациялар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Садықов Асқар Мырзаханұлының жетекшілігімен көпсалалы кәсіби команда мен нейрохирургия орталығы дәрігерлерінің үйлесімді еңбегінің арқасында науқастың жағдайы тұрақтандырылды. Тексеру барысында ми қан тамырларында екі ірі және бір ұсақ аневризма (ми-қан тамыры ауруы) анықталды, олардың бірі - ауыр инсульттің негізгі себебі болған.
Жеткілікті дайындықтан кейін ми тамырларына эндоваскулярлық ота сәтті жүргізілді. Ерте оңалту шаралары отадан кейінгі алғашқы кезеңде-ақ басталды.
Бүгінде науқастың жағдайы тұрақталған, есін жинап, өз-өзіне келді. Тіпті неврологиялық оң динамикалық көрініс те байқалды. Бүгінде ол қалпына келтіру емін қабылдауда.