Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Ж.Сәлемовтың төрағалығымен Мойынқұм және Шу аудандарында орын алған ана өлімін талдау бойынша кеңес өтті.
Аталған кеңеске облыстық аудандық және қалалық ұйымдардың бас дәрігерлері қатысты.
Онда баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Базарханова Гүлмира Шу қалалық көпбейінді ауруханасында орын алған ана өлімі бойынша жасалған талдау-сараптау нәтижесінде белгілі болған жайттарды айтып, оларға қолданылған шараларды айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов аталған жағдай бойынша жауапты тұлғаларға тиісті әкімшілік шаралар қолдану туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта емдеу мекемелері басшыларына ана мен бала өліміне жол бермеу үшін атқарылатын жүмыстарды пысықтап, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, С.Ж. Сәлемов жүкті әйелдерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар мен босандыру мекемелерін кешенді тексеру нәтижелерін мұқият сараптау қажеттігіне назар аударды. Кеңес қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жол картасын қысқа мерзім ішінде әзірлеп, бекіту тапсырылды.