Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында ішке тіліксіз (эндоскопиялық) оталар жасау жөнінде екі күндік тәжірибелік сабақ өтіп жатыр. Бұл шара облыстың бас онкологы Жандос Сейдахметовтің қолдауымен, сондай-ақ тәжірибелі дәрігерлер – Мұхамеджан Нұрғазиев, Серік Жәкіпбеков және хирургиялық бөлім жетекшісі Ерасыл Араповтың қатысуымен ұйымдастырылды.
Ішек обырын ерте анықтау бағдарламасы аясында бір науқастан ісік бастапқы сатысында анықталды – ол тік ішектің аналь тесігінен 10 см жоғары орналасқан, көлемі 2,5–3 см шамасында болған. Тексеруден кейін науқасқа арнайы ота жасалып, ішек табиғи жолмен қайта жалғанды. Нәтижесінде, жасанды тесік қажет болмай, науқас қосымша ыңғайсыздықтан арылды.
Бұл тәжірибелік сабақ өңірдегі хирургияның дамуына үлкен үлес қосты. Дәрігерлер тек күрделі оталарды жасауды емес, отадан кейінгі дұрыс күтімді де үйренді. Оқытуға Меркі, Т. Рысқұлов, Мойынқұм аудандарынан және қалалық көпбейінді ауруханадан келген хирургтер қатысты.