Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында қатерлі ісіктерді аз инвазивті әдіспен емдеуге арналған шеберлік сыныбы өз жұмысын бастады. Үш күнге жоспарланған кәсіби оқыту бағдарламасы 26–28 мамыр аралығында өтеді. Іс-шараны орталықтың бас дәрігері Жандос Сейдахметов ұйымдастырды.
Оған Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты С. Жәкіпбеков пен Ақтау қалалық онкологиялық орталығының онкохирургі шақырылды.
Шеберлік сыныбы аясында онкохирургия саласының мамандарына асқазан, ішек, қалқанша безі, жатыр және аналық бездерде кездесетін қатерлі ісіктерді лапароскопиялық әдіспен емдеу жолдары тәжірибе жүзінде көрсетілуде. Бұл тәсіл – заманауи медицинада кеңінен қолданыла бастаған, науқас үшін қауіпсіз әрі қалпына келу мерзімі қысқа емдеу әдістерінің бірі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірлік онкохирургтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру. Аз инвазивті хирургия – теріні үлкен көлемде тіліп емес, шағын құралдар арқылы ішкі ағзаларға жетіп, қажетті операцияны орындауға мүмкіндік беретін әдіс. Бұл науқастың тез сауығып кетуіне, ауруханадағы емдеу мерзімінің қысқаруына және операциядан кейінгі асқынулардың азаюына сеп болады.
Қатерлі ісіктермен күресте дәл осындай жоғары технологиялық әдістерді қолдану – онкологиялық көмек сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Соңғы жылдары бұл тәсіл онкология саласында кеңінен қолданылып, отандық медицинада да өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.
Шеберлік сыныбы барысында тәжірибе алмасу, күрделі клиникалық жағдайларды талдау және заманауи медициналық құралдармен жұмыс істеу бойынша мамандарға нақты нұсқаулықтар ұсынылуда.