Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталықтың мамандары Қордай ауданының 1967 жылы туған тұрғынынан күтпеген диагноз — жүрек миксомасын анықтады.
Науқас біраздан бері мазалап жүрген жүрек соғысының жиілеуі, ентігу мен бас айналу белгілеріне байланысты медициналық көмекке жүгінген. Жүргізілген кешенді тексеру нәтижесінде дәрігерлер оның жүрегінің сол жақ жүрекшесінде диаметрі 2,6 × 2,7 см болатын домалақ түзіліс байқаған.
Кардиохирургтың кеңесінен кейін пациентке шұғыл түрде ота жасау ұсынылды. Ол ауруханаға жатқызылып, операция сәтті өтті. Ота барысында жүрекшеден көлемі 3 × 5,5 см болатын, жүрек қабырғасына сабағымен бекіген ісік — миксома толық алынып тасталды. Келесі күні науқас бақылау бөліміне ауыстырылды.
Жүрек миксомасы — дәнекер тіннен дамитын, сирек кездесетін қатерсіз ісік. Ол әдетте сол жақ жүрекшеде пайда болып, жүрек соғысымен бірге қозғалып, қан айналымына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл кейде қан ағымының уақытша тоқтауына да әкеледі.
Ауру белгілері:
• ентігу,
• бас айналу,
• аритмия,
• естен тану.
Сонымен қатар, миксома қан ағысына түсіп кетсе, эмболия тудыруы мүмкін. Бұл — инсульт, инфаркт немесе ішкі ағзалардың ишемиясына дейін алып келетін қауіпті жағдай.
Уақтылы медициналық көмекке жүгініп, нақты диагноз қойылып, жоғары деңгейде жасалған операция пациенттің өмірін сақтап қалды және мүмкін болатын асқынулардың алдын алды.