Жамбыл облыстық онкология және хирургия көпбейінді орталығының директоры Жандос Сейдахметовтің бастамасымен онкохирургиялық емдеу барысында аса маңызды диагностикалық әдіс саналатын экспресс-гистологияны енгізу жұмыстары қолға алынды.
Бүгінде орталықтың хирургиялық, торакалдық және онкогинекологиялық бөлімдерінде жылына 800-ден астам ота жасалады. Олардың шамамен 10–11 пайызында, яғни 80–90 жағдайда, науқасқа ота жасау кезінде тіннің жедел зерттелуін қажет ететін жағдайлар туындайды. Мұндай кезде экспресс-гистология хирургке шешім қабылдауға жедел мүмкіндік беріп, операцияның қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырады.
Бұған дейін бұл әдіс еліміздің басқа онкологиялық орталықтарында кеңінен қолданылып жүргенімен, Жамбыл облыстық онкоорталығының тәжірибесіне енбей келген. Бұл жағдай хирургиялық араласудың радикалдығын анықтауда белгілі бір қауіптер тудырған болатын. Осыған байланысты, орталық басшысының тікелей тапсырмасымен және жеке бақылауымен бұл бағытта маман даярлау ісі ұйымдастырылды.
2025 жылдың 17–18 мамыры күндері Шымкент қалалық онкоорталығында экспресс-гистологияны қолдану бойынша аймақтық шеберлік сабағы өтті. Іс-шараға Алматы, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларынан келген мамандар қатысты. Жамбыл облыстық онкоорталығы атынан гистологиялық зертхана дәрігері Марина Катышева қатысып, тәжірибелік оқытудан өтті.
Оқыту барысында келесі бағыттар қамтылды:
* Қатерлі ісік кезінде молекулалық-генетикалық тестілеу әдістері;
* Экспресс-биопсия үшін биологиялық материал дайындау;
* Криостат құрылғысымен жұмыс істеу дағдылары.
Экспресс-гистология – ота кезінде алынған тін үлгісін жедел түрде мұздатып, микроскоппен зерттеуге мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Бұл әдіс небәрі 15–20 минут ішінде нәтижені анықтап, операция барысына дереу өзгеріс енгізуге жағдай жасайды. Ол келесі жағдайларда аса маңызды:
* Ісік жасушаларын анықтау;
* Ісіктің сипатын нақтылау;
* Қауіпті лимфа түйіндеріндегі метастаздарды табу;
* Резекция көлемін нақтылау қажеттілігі туған кезде.
Мұндай технология хирургияның дәлдігін арттырып қана қоймай, емнің тиімді стратегиясын таңдауға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 19 мамырдан бастап Жамбыл онкоорталығында экспресс-гистология әдісі ресми түрде тәжірибеге енгізілді. Бұл – онкологиялық науқастарды хирургиялық емдеу сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ өңірде онкологиялық көмектің стандарттарын көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Осы маңызды оқиғаға орай Жамбыл онкоорталығында бұл заманауи диагностикалық әдісті клиникалық тәжірибеге енгізу мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында операциялық жағдайда экспресс-гистологияны қолданудың артықшылықтары, биопсиялық материалдарды интерпретациялаудың заманауи тәсілдері талқыланды.
Тәжірибе алмасу, практикалық жағдайларды қарастыру және жаңа әдістемелерді көрсету – конференцияның басты бөлімдеріне айналып, қатысушыларға өзекті білім алуға және онкологиялық ауруларды диагностикалаудың болашағын талқылауға мүмкіндік берді.
Жамбыл облыстық онкоорталығы патологиялық-анатомиялық қызметінің жұмысына заманауи диагностикалық тәсілдерді енгізу – бұл пациенттеріміздің денсаулығын сақтау, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруға қосылған үлес.