
15 мамыр – Отбасы күніне орай Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Отбасы – сүйіспеншілік, сыйластық, ынтымақтастық пен парасаттылық бастауы» атты мазмұнды библио-бар ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – оқырмандардың отбасы туралы танымын тереңдету, жанұялық құндылықтардың маңызын дәріптеу және бірліктің, татулықтың қадірін ұғындыру.
Қазіргі таңда қоғамда жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі – ене мен келін арасындағы қарым-қатынас. Осы орайда кітапхана ұжымы тәрбиелік мәні зор тағылымды кездесуді ұйымдастырды. Кештің құрметті қонақтары – мәдениет саласының еңбек ардагері, кітапхана саласында 30 жыл табанды еңбек еткен, өзінің өнегелі ісімен жас кітапханашыларға үлгі бола білген Орынкүл Қалдарбекова әже және қазіргі таңда осы салада қызмет етіп жүрген немере келіні Айгерім Есалиева болды.
Жылы жүздесу барысында қос буынның өкілдері – ене мен келін – жанұядағы сыйластық, парасаттылық, ынтымақ пен мейірім жайлы әңгімелеп, өз өмір тәжірибелерімен бөлісті. Олардың арасында орнаған жарасым мен түсіністік көпке үлгі болып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Әсіресе болашақ ұрпақ үшін бұл кездесудің тағылымдық мәні зор.
Отбасылық өмірдің басты артықшылығы – өзара татулық пен түсіністік екендігін ұрпақ санасына сіңіре білген Орынкүл әжеміз бұл тағылымды шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Мерекелік шара – отбасының құндылығын дәріптеп қана қоймай, қоғамдағы маңызды мәселелердің біріне айналған ене мен келін қатынасына оң көзқарас қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.