Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында мерекелік концерт өтті. Ашық аспан астындағы мерекелік кеш Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының әртістері дайындаған «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» атты әсерлі театрландырылған қойылымымен басталды. Олар соғыс кезіндегі халықтың қайсар рухы мен сарбаздардың ерлігін көркем тілмен сахналанды.
Ал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары отты жылдарды еске салып, жүрек тербер патриоттық әндерді нақышына келтіре орындады. Олар шырқаған әрбір туынды көрермен жүрегіне жетіп, елге деген сүйіспеншілік пен ерлік рухын оятты. Кеш барысында өнер иелері тыңдарманды өткеннің тағылымына бойлатып, Ұлы Жеңістің қадір-қасиетін тағы бір мәрте сезіндірді.
Бұл кеш тек мереке ғана емес, елдік пен ерлікке тағзым, тарихқа құрмет көрсету кеші болды. Жеңіс рухын ұлықтаған мұндай шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, ел тарихын терең тануға сеп болары анық.