«ДАҢҚ» ЗАЛЫНДА БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

«ДАҢҚ» ЗАЛЫНДА БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, көрнекті жазушы және даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржан Момышұлы» музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Музейдің лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Әскери қайраткер, генерал-майор Сейітжан Қойбақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және Бауыржан Момышұлының немере баласы Бекет Момынқұл қиды.

Аталған музей облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамындағы «Даңқ» залының екінші қабатында орналасқан. Заманауи форматта жасақталған бұл кеңістік Бауыржан Момышұлының өмір жолын жан-жақты таныстырып, келушілерді батырдың ерлігі мен адамгершілік болмысына терең бойлатуға мүмкіндік береді.

Экспозицияда батырдың балалық шағынан бастап, әскери қызметтегі ерлігі, соғыстан кейінгі қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы жан-жақты қамтылған. Көрмеге оның жеке заттары, сирек фотосуреттері, қолжазбалары, марапаттары, әскери киімі мен құжаттары қойылған.

Музей — ұрпаққа өнеге, ерлікке тағзым. Бұл рухани орда жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге, ұлттық тарих пен тұлғаларымыздың мұрасын дәріптеуге зор үлес қосатыны сөзсіз.