Әр көктем сайын Қаратау бөктері алқызыл қызғалдақтармен көмкеріліп, табиғаттың бұл әсем көрінісі жергілікті тұрғындармен қатар, ғалымдар мен туристердің назарын өзіне аударады. Осы ерекше табиғи құбылыс биыл да Жамбыл облысының Талас ауданында өткен «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалінде кеңінен дәріптелді.
Фестиваль аймақтың бай қызғалдақ мұрасын сақтау мен қорғау мәселелерін талқылау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен экологтарды, табиғатты сүйетін жандарды біріктірді. Германия, Қытай, Түркия, Нидерланды, Үндістан, Украина, Қырғызстан, Ресейден келген қонақтармен қатар, ЮНЕСКО, дипломатиялық өкілдіктер, ҚР Парламенті мен түрлі министрліктердің мүшелері іс-шараға қатысты.
Жамбыл облысы – Қазақстандағы қызғалдақтың ең көп түрі өсетін аймақ. Мұнда олардың 18 түрі тіркелген, соның 10-ы Қызыл кітапқа енген. Осы жабайы түрлердің негізінде голландиялық селекционерлер бүгінде әлемнің көптеген еліндегі саябақтарды көркейтіп тұрған түрлі сұрыптарды шығарған. Бұл өңірдің табиғи байлығы мен бірегей өсімдіктер әлемі фестивальдің басты өзегіне айналды.
Фестивальге туризм саласының өкілдері де қатысып, экотуризм бағытындағы мүмкіндіктерді талқылады. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өз құттықтауында мұндай бастамалар табиғатты аялауға шақыратынын және жұртшылықтың туған өлкенің экологиялық мұрасына деген қызығушылығын арттыратынын атап өтті.
Шара аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы концерттік бағдарлама ұсынып, кеш қонақтарына ұлттық өнердің әуезін тарту етті. Сонымен қатар, облыстың мәдениет қызметкерлері фестивальдің жоғары деңгейде және мазмұнды өтуіне айрықша үлес қосты.