«ОҚУҒА ҚҰШТАР ЖҮРЕКТЕР» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

«ОҚУҒА ҚҰШТАР ЖҮРЕКТЕР» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

 Жамбыл өңірінде рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Оқуға құштар жүректер» атты облыстық байқау ұйымдастырды.

 Бұл әдеби дода қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері – Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығына, Өтебай Тұрманжановтың 120 жылдығына, Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдығына және Асқаржан Сәрсектің 75 жылдығына арналды.

 Байқау бірнеше кезеңнен тұрды, әр кезеңде қатысушылар өздерінің білімдерін, шығармашылық қабілеттерін және көркем әдебиетті қаншалықты терең түсінетіндерін көрсетті. Ақпан айында өткен аудандық іріктеу кезеңінде 8 ауданның үздіктері облыстық сынға жолдама алған. Жарысқа жалпы 10 үміткер қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.

 Байқаудың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Ерке өнер дамыту орталығының бишілері әсерлі «Джаз» биін орындап, көрермендерді тәнті етті. Smart өнер мектебінің оқушысы халық әні «Молдабайдың әнін» әуелетсе, Бауыржан Ақтаевтың жетекшілігіндегі «Талас домбырашылар» ансамблі күмбірлеген күй тарту етті. Сонымен қатар, KZ ELEMENT өнер орталығының «Ақ құс» триосы «Отан» және «Ләйлім» әндерін шырқап, кеш шырайын аша түсті.

 Байқау қорытындысы бойынша, Бас жүлдені Шу ауданынан Нұржанқызы Әсел жеңіп алды. І орын Байзақ ауданынан Арина Алыбаеваға, ІІ орын Тұрар Рысқұлов ауданынан Ясмина Балтабайға, ал ІІІ орын Мойынқұм ауданынан Жұлдыз Достайға және Жамбыл ауданынан келген Жаңабек Бақкелдіге бұйырды. Сонымен қатар, Жуалы ауданынан Айзере Адайбай, Қордай ауданынан Ақнұр Сәрсенбай, Меркі ауданынан Ерсұлтан Ақатай, Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Рамазан Жексенби және Жамбыл Жабаев атындағы №5 гимназияның 7-сынып оқушысы Абылай Асқар ынталандыру сыйлығын иеленді.

 Байқауға әділқазылық еткен қазылар алқасының құрамында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Сейсекүл Исматова, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева және облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы, журналист Қымбат Нұрманалиева болды.

 «Оқуға құштар жүректер» байқауы жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытатын маңызды жоба.