ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ОНКҮНДІГІ БАСТАЛДЫ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ОНКҮНДІГІ БАСТАЛДЫ

 Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Облыстық халық шығармашылығы орталығының» ұйымдастыруымен Ы. Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Кино әлемінің онкүндігінің» салтанатты ашылуы өтті.

 Мәдени шараның шымылдығын ҚР Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының киножобаларды ілгерілету бөлімінің бас менеджері Гүлнұр Қожахметова мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева құттықтау сөздерімен ашты.

 Кеш барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі көрермен назарына ұсынылды. Фильмнің сценарисі әрі қоюшы-режиссері – Жандос Құсайынов. Туындыны әзірлеу барысында шығармашылық топ ауқымды зерттеу жүргізіп, тіпті Мәскеудегі мұрағаттарды ақтарып, тың деректерге қол жеткізген.

 Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қолдаумен түсірілген ұлттық фильмдерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ, шалғай елді мекендердегі көрермендерге отандық киноны қолжетімді ету. Қазіргі таңда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақ киносының онкүндігін өткізуді қолға алған.

 Онкүндік аясында мемлекеттің қолдауымен түсірілген “Дос-Мұқасан”, “Қажымұқан”, “Тайқазан хикаясы”, “Боксер” т.б. кинолар алдағы күндері көпшілік назарына ұсынылмақ.