ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ЕР ШОНА» ӘДЕБИ-МУЗЫКАЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН  «ЕР ШОНА» ӘДЕБИ-МУЗЫКАЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
"Баласағұн” ОКЗ-да Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен қазақ сатирасының сардары, ақын, жазушы, ұстаз, қоғам қайраткері Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «ЕР ШОНА» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
 
Қызыл сөздің шебері, Таластың тарлан мінез тау тұлғасы Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған шаралар жыл басынан туған топырағынан бастау алып, бүгінгі мазмұнды шарамен жалғасын тауып отыр.
 
Игі шара «Ш.Смаханұлы туралы естеліктермен» басталып, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістерінің орындауындағы Шонаның өлеңдеріне қойылған композициямен жалғасты.
 
Кеш аясында Ш.Смаханұлының өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, Шонаға арналған арнау өлеңдер оқылды. Яғни, белгілі тұлғаның сөзіне жазылған «Әжейдің бесік жыры» әнін Мәдениет саласының үздігі – Айгүл Мақашева, «Сағыныш» әнін Мәдениет саласының үздігі – Маралбек Бабақұлов, «Анамның тілі – аяулы үні» әнін Гүлжан Шәріпхан тамылжыта орындады.
 
Ал, «Талас» халық театры Шона Смаханұлының «Біз, осы үйдің келіні боламыз» қойылымын сахналады.
 
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары – Жанатбек Кәдіров, «Жамбыл» триосы, Арайлым Құрымбетова, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Ақкербез» би ансамблі өз өнерлерін ортаға салып, кештің мазмұнды өтуіне атсалысты.
 
Әдеби кешті жергілікті зиялы қауым өкілдерімен қатар Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай тамашалады.
 
Шона Смаханұлы - артында мол әдеби мұра ғана емес, ұлт жанашыры, қайраткер қаламгер ретінде елеулі із қалдырып, білім беру саласындағы мәселелерді көтеріп, қазақ мектептерін көбейту жолында қаламын қару етіп күрескен, мемлекеттік тіліміздің нығаюына ерекше серпін, күш беріп, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Сол замандарда қазақ мектептері жоққа тән екендігін байқап, дабыл қағып, өзі тікелей осы істі қолға алған азамат.
 
Киелі Талас топырағында дүниеге келіп, артына өшпес мол мұра қалдырған тұлғаның шығармашылығы туралы қанша айтып, насихаттасақ та жарасымды. Нар тұлғаның әрбір сөзі, өлеңдері, ұлттық тәрбиесі – кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге болып қала берері де сөзсіз.