10 тамыз – Абай күніне орай облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының және Абай атындағы ортылық кітапханасының ұйымдастыруымен даналықтың таусылмас қазынасы, қазақ тарихының өткені мен бүгінін ұштастырып келе жатқан Абай мұрасына арналған «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты әдеби кеш өтті.
Іс-шара Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының қызметкері Дидар Апбасовтың арнау өлеңімен басталды.
Орталық қызметкері Ербол Қамбатыров ғылым-білімді игеруде, адамгершілік қасиетті бойға сіңіруде, еңбекке дағдыланудағы Абай тағылымы мен өнегесінің орны ерекше екендігін атап өтті.
Орталықтың бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева, әдіскері Ақмарал Ілебаева, ҚР Ұлттық Ұланы 5513 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұржігіт Қалықұл Абай атамыздың өлеңдерін оқып, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясының дәстүрлі әншісі Мерей Абуева Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін әуелете орындады.
Сондай-ақ, викториналық сұрақтар қойылып, «Абай – адамзаттың шамшырағы» атты кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылып, кітапхана қызметкері Аңсаған Жақанаева «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықовтың «Абай және қазақ социумы» атты кітабына, Абайтанушы ғалым Қонысбаева Гүлсат филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» атты 10 томдық шығармалар жинағына библиографиялық шолу жасады.