«ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ...» ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

«ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ...» ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

3 қазан күні Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры орыс драматургы А.Володиннің "Қоштасқым келмейді..." атты драмасын сахналады.

Аталған қойылымның режиссері әрі аудармашысы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Спектакльдің сюжетіне ажырасуға бел буған сегіз отбасының тағдыры арқау болады. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады – бақытты кездесулер баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұр. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа судья барын салады. Алайда өзімшіл ерлі-зайыптылар бірін бірі тыңдаудан, түсінуден қалған… 

Қала тұрғындары және қонақтарымен қатар, қойылымды өңір басшысы Н.Нұржігітов бастаған облыс, қала, басқарма және түрлі сала жетекшілері, зиялы қауым мен ақпарат құралдары, ұстаздар мен студент жастар да келіп тамашалады.

Қойылым соңында сахна төріндегі М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ұжымына облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

Естеріңізге сала кетсек, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Тараз қаласындағы бағдарламасы төмендегідей:

4 қазан – Абай Құнанбайұлының қара сөздері бойынша қойылған «Қара» драмасы қойылады;

Басталуы сағат 14.00-де және 18.30-да.

Театр фойесінде Ұлттық театрдың мұражай қорынан «Мұхтар Әуезов және Ұлттық театр» атты көрме ұйымдастырылады.

 

Ғалия АБЫЛАЙ

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және 

 құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы