“Тіл - достықтың дәнекері” атты облыстық тіл фестивалі өтті

“Тіл - достықтың дәнекері” атты облыстық тіл фестивалі өтті

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Жамбыл облысында «Тіл – достықтың дәнекері» атты облыстық тіл фестивалі өтті. Мерекелік шарада тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, білім саласының мамандары мен белсенді жастар бас қосты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – тіл арқылы ұлт бірлігін нығайту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен қолданыс аясын арттыру, өзге тілдерге деген құрметті қалыптастыру.

Мерекелік шара қонақтарды қарсы алу рәсімінен басталды. Қоғамдық келісім үйінің ауласында үрмелі әскери оркестрдің орындауында салтанатты марштар мен рухты әуендер шырқалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан кейін көпшілік «Тіл бірлігі» көрмесін тамашалады. Көрме аясында этномәдени орталықтардың «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» атты экспозициясы мен Тілдерді оқыту орталығының «Тіл үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері» көрмесі ұсынылды.

Фестивальдің салтанатты ашылуы Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының «Ұлт ұстазы» театрландырылған қойылымымен басталды.

Шара барысында өңірде тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарды қамтитын «Қазақ тілі – ғажап тіл» бейнеролигі көрсетілді.

Фестивальде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, тіл саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетті. Шара барысында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қазақ тілін насихаттауға және тілдерді дамыту ісіне елеулі үлес қосқан бірқатар азамат «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарымен, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарымен марапатталды.

Мерекелік бағдарлама «Тіл құдіреті» композициясымен жалғасып, тіл туралы өлеңдер оқылды. Көркем композиция арқылы ана тілінің адам өміріндегі орны мен ұлттың рухани болмысындағы маңызы айшықталды.

Сонымен қатар, фестивальде Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті. Көрермен назарына «Анамның тілі – аяулы үні» әні, Нұртуғанның «Қанекей тілім сөйлеші» термесі және «Туған жер» әні ұсынылды. Музыкалық шығармаларда ана тіліне деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елдік рух кеңінен көрініс тапты.