
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада әдеби мұраны заманауи форматта қолжетімді етуге бағытталған «Алтын қор» жобасы жүзеге асырылды.
Жоба аясында жарық көрген цифрлы кітапқа Жамбыл өңірі қаламгерлерінің өз дауыстарымен оқылған 16 шығарма енгізілді. Осы арқылы оқырман шығарманы тыңдап қана қоймай, оның авторының дауысын, оқу мәнері мен эмоциясын сезіне алады.
Жобаның басты ерекшелігі – аудиожазбалардың зағип және әлсіз көретін азаматтарға қолжетімді форматта ұсынылуы. Шығармаларды диск, флешка және QR-код арқылы тыңдауға мүмкіндік бар. Бұл әдеби мұраны қабылдаудың балама жолын қалыптастырып, кітапханадағы инклюзивті оқу мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
«Алтын қор» жобасының тағы бір маңызды қыры – қаламгерлердің өз дауыстарын әдеби мұраның бір бөлігі ретінде сақтау. Уақыт өте келе бұл жазбалар өңір әдебиетінің дыбыстық шежіресіне айналып, кейінгі ұрпақ үшін құнды рухани әрі тарихи дерек болмақ.
Айта кетейік, жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Цифрлы кітаптың мазмұнын толықтыру мақсатында Жамбыл өңірінің өзге де қаламгерлерінің шығармаларын олардың өз дауыстарымен жазып, «Алтын қорға» енгізу жоспарланып отыр.