
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Тараз төрінде тағылымы мол, рухы асқақ салтанатты жиын өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен мерекелік кеш ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға көрсетілген айрықша құрмет.
Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, күштік құрылым қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Нұржан Сәбитұлы бірқатар азаматқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатын» табыстап, олардың ел алдындағы адал қызметін ерекше атап өтті.
Кештің көркін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнер ұжымының концерттік бағдарламасы қыздырды. Әсем ән мен әсерлі әуенге толы қойылымдар көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап, жүректерге отансүйгіштік сезім ұялатты.