Қызылсайда “Қали апа үй-музейі” ашылды

Қызылсайда “Қали апа үй-музейі” ашылды

4 мамыр күні Меркі ауданы Қызылсай ауылында ел ішінде «Қара кемпір» атанып кеткен Қали ананың жұрты «Қали апа үй-музейі» болып қайта жаңғырып, салтанатты түрде ашылды. ⠀

Рухани маңызы бар шара Қали ананың өмірінен сыр шертетін арнайы сахналық көрініспен ашылып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Меркі жерінің тумасы, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, актер әрі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және сот саласының ардагері Мұсабек Әлімбеков қатысты. Сондай-ақ қонақтар қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, зергер-реставратор Берік Әлібаев, көрші Қырғыз Республикасынан келген делегация және ауыл тұрғындары болды. ⠀

Басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай мен аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бұған дейін Қара кемпір ескерткішін орнатуға мұрындық болған Алтынбек Қоразбаев пен үйді реставрациялап, музейге айналдырған Берік Әлібаевтың еңбегін ерекше атап өтті. ⠀

Аудан басшысы екі азаматқа «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыстап, иықтарына шапан жауып құрмет көрсетті. Бұдан бөлек, Қырғыз елінің делегациясын бастап келген Фрунзе ауылдық аймағының басшысы Бақтияр Ашакеев, Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов және Мұсабек Әлімбеков сөз сөйлеп, шараның маңызына тоқталды. ⠀

Алтынбек Қоразбаев Қызылсай ауылының тарихына тоқталып, ауыл ақсақалы Әдібек Кәріпқұловқа, реставратор Берік Әлібайға және музейді тұрғызған құрылысшыларға домбыра сыйлап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Тұңғышбай Жаманқұлов «Қара кемпір» әнінің тек Қызылсай үшін емес, бүкіл қазақ аналарына арналған рухани ән екенін жеткізді. Ал Мұсабек Әлімбеков Қали ананың тарихи тұлға екенін айтып, өткен тарихты түгендеудің бүгінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін баса айтты. ⠀

Ауыл жұрты да игі істің басында жүрген азаматтарға дән ризашылығын білдірді. Ақсақал Әдібек Кәріпқұлов ауыл тұрғындары атынан Берік Әлібаевқа ат мінгізсе, зергер өз кезегінде ауылдың шежіресін тарту етті. Жиын соңында қатысушылар музей ауласындағы Ұлы Отан соғысы ескерткішіне гүл қойып, жаңарған музей экспозициясымен танысты.