Таразда эстрада жұлдыздарының қатысуымен LIVE-CONCERT өтті

Таразда эстрада жұлдыздарының қатысуымен LIVE-CONCERT өтті

Тараз төрінде елдік рух пен заманауи әуен тоғысқан ерекше кеш өтті. Жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған гибридті форматтағы LIVE-концерт қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайының сахнасында заманауи эстраданың жарқын жұлдыздары Kalifarniya мен Daricorn өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, К. Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері «Жайдарлы Жамбылым» әнін, Тараз қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары “Атамекен” әнін орындап кештің шырайын аша түсті.

Концерт тек музыкалық бағдарлама аясында ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да мәнді болды. Кеш барысында жалпыұлттық референдум мен жаңа Конституцияның маңыздылығы жөнінде коалиция мүшелері өз пікірлерін білдірді. Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев, республикаға танымал актер Жанатбек Бәйтеков, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті Аяна Ким және «Жастар рухы» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ерғали Әбуғали алдағы референдумға қатысып, Жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтық ұстанымды білдіруге шақырды.

Кеш жүргізушілері – Жамбыл облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Алмат Сәдуақас пен блогер, жайдарманшы Еламан Юсуп – шараның мазмұнын байытып, көрерменмен еркін форматта байланыс орнатты.

Айта кетейік, 2026 жылғы 12 ақпанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция құрылған болатын. Оның құрамына саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сараптамалық және ғылыми ұйымдар, сондай-ақ ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтар енді.

Бүгінгі концерттің басты мақсаты – бірлік пен ортақ болашақ құндылықтарын дәріптеу, қоғамды елдік бастамалар төңірегінде топтастыру.